Облыс әкімдігінде конституциялық реформа мәселелері бойынша актив жиыны өтті

Облыс әкімдігінде конституциялық реформа мәселелері бойынша актив жиыны өтті

Жиын барысында қатысушыларға Конституциялық комиссияның жұмысы, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі ережелері түсіндірілді.

Актив жұмысына облыс әкімі Асхат Шахаров, Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, облыс әкімінің орынбасарлары, қала әкімі Азамат Бекет, сондай-ақ облыстық басқармалар мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Жиында өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған конституциялық реформа елдің саяси жаңғыруындағы маңызды кезең екенін атап өтті. Ол жаңа Конституция жобасы қоғам сұранысын ескере отырып әзірленіп жатқанын және алдағы жалпыхалықтық референдум әрбір азаматқа шешім қабылдауға саналы түрде қатысуға мүмкіндік беретінін айтты.

Өз сөзінде облыс әкімі жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері мен олардың елдің тұрақты дамуы үшін маңызын түсіндіру бойынша жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізу қажеттігіне баса назар аударды.

Конституциялық комиссияның жұмысы және жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері туралы баяндама жасаған облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева комиссияның құрамы мен қызметі жөнінде ақпарат берді. Оның айтуынша, комиссия жұмысына мемлекеттік органдар, сарапшылар қауымдастығы, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер төрағалары, азаматтық сектор өкілдерінің қатысуымен азаматтардан келіп түскен екі мыңнан астам ұсыныс қаралған.

Жиын соңында ол Конституциялық комиссия жұмысының барынша ашық жүргізілгенін, ал жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі түпкілікті шешімді Қазақстан халқы жалпыхалықтық референдумда қабылдайтынын жеткізді.

Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция жобасының мазмұны мен маңызын халық арасында түсіндіруде барлық мемлекеттік орган мен қоғамдық институттардың белсенді қатысуының маңызын атап өтті.