
Қазан айының үшінші онкүндігінде Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы Бас Консулдығының ұйымдастыруымен Санкт-Петербург қаласындағы Әлия Молдағұлова ескерткішінің жанында салтанатты шара, артиллериялық, инженерлік әскерлер мен сигналдық корпустың Әскери-тарихи музейінде «Ұлы Отан соғысы кезіндегі снайперлер» арнайы көрмесі жасақталып, деректі фильм көрсетілімі ұйымдастырылды.
Шараға Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Д.А.Абаев, Санкт-Петербург, Ленинград және Псков облыстарының билік басшылары және дипломатиялық корпус өкілдері, қазақ диаспорасының мүшелері қатысты. Батырдың туған жерінен тағзым ету мақсатында Ақтөбе қаласынан арнайы делегация іссапармен барды. Делегация құрамына енгендер Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің директоры Жанар Мақсутова, облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының директоры Багдаш Төпенова, музей бөлімінің меңгерушісі Алия Агниязова.
Екінші күні ақтөбелік делегацияның сапары Ресей Федерациясы Псков облысы, Новосокольники қаласында осы өңірді неміс-фашист басқыншыларынан азат ету жолында қызғалдақ ғұмырын сарп еткен мерген қыздың жерленген жеріне қарай бағытталды.
Бірінші кезекте, Новосокольники ауданы Монаково ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлова жерленген «Бауырластар зиратында» батыр рухына тағзым етілді. Сондай-ақ, Насва ауылындағы Әлия есімі берілген мектеп жанында орналасқан ескерткіш бюстке және Новосокольники қаласынының орталығындағы 1979 жылы орнатылған монументке гүл шоқтары қойылды.
Салтанатты шара Новосокольники аудандық-өлкетану музейінде жалғасын тапты. Ақтөбеліктер экспозициялармен танысып, соғыс жылдарындағы Әлия мен оның жерлестері жасаған ерлікті үлгі ете отырып, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Шара аясында Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай әзірленген, бірегей мөрі басылған мерейтойлық пошта маркасының тұсаукесері ұйымдастырылды.
Өлкетану музейінің меңгерушісі Елена Маркова Новоскольники қаласының тарихи-мәдени орындарына экскурсия ұйымдастырып, аудан тұрғындарының Әлияға деген сүйіспеншілігі мен құрметін жан-жақты жеткізді.
Аталған іс-шаралар қос халықтың ортақ тарихына, батырлық пен ерлік рухына деген тағзыммен сыйластықтың жарқын көрінісіне айналды.