
Кеш барысында қазақ музыкасының алтын қорына енген Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары орындалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Концерттік бағдарламада ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Айтбаева Светлана Ермекқызы, Нұрғиса Тілендиевтің қызы, белгілі дирижер, композитор Дінзухра Нұрғисақыз Тілендиева, сондай-ақ «Дауыс» әншілер ұжымының орындаушылары – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Айтимов, ҚР мәдениет саласының үздігі Манзура Сапарова және Аманжол Өтемұратов өнер көрсетті.
Көрермендерге ерекше әсер қалдырған сәт Н. Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының Қ. Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі мен Ақтөбе облыстық филармониясының А. Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің бірлескен өнер көрсетуі болды.
Кеш соңында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Нұрланұлы Батырханның атынан құттықтау сөз және Алғыс хатты облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызы табыс етті. Сондай-ақ, Ақтөбе облысы әкімдігінің атынан «Ықылас гүлі» табысталды.
«Атадан мұра» концерті ұрпақтарды музыка арқылы тоғыстырған маңызды мәдени оқиға болып, Нұрғиса Тілендиевтің қазақ ұлттық өнерін дамытудағы баға жетпес үлесін тағы бір мәрте айқындап берді. Концерт көрермендердің зор қошеметіне бөленіп, композитордың қызын ерекше толқытты.