
2025 жылдың 28 қазан күні Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен «Өнер орталығы» концерт залында «Жұбановтар әуені – 2025» халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері мен ансамбльдері фестивалі аясында «Дирижерлер шеруі» атты ерекше форматтағы гала-концерт өтті.
Бұл концерт – Ақтөбе қаласында алғаш рет ұйымдастырылған бірегей мәдени жоба. Фестиваль қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін салушы, академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың, сондай-ақ ұлағатты ұстаз, композитор, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Ғазиза Ахметқызы Жұбанованың есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында өткізілді. Сонымен қатар, биылғы фестиваль Қазақстанның халық композиторы, дирижер, қазақ музыкасының көрнекті қайраткері Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналды.
Кеш барысында Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден келген танымал дирижерлер өздерінің шығармашылық қолтаңбалары мен орындаушылық шеберліктерін көрсетті. Әрбір дирижер А. Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, Н. Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармонияның Қ. Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі және Бішкек қалалық әкімдігінің халық аспаптар оркестрімен сахнаға шығып, өзіне тән репертуар мен орындау мәнерін ұсынды.
Концертке Ресей Федерациясының Алтай Республикасынан, Қырғыз Республикасынан, сондай-ақ еліміздің Астана, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Атырау, Қостанай, Семей, Өскемен, Петропавл және Ақтөбе қалаларынан келген дирижерлер қатысты.
Сондай-ақ, концерт барысында Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызы сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтап, дирижерлер мен оркестрлерге марапаттар табыс етті.
Көрермендер назарына қазақ және әлем композиторларының шығармалары, сондай-ақ Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова және Нұрғиса Тілендиевтің музыкалық туындылары ұсынылды. Ерекше әсер қалдырғаны – Қазақстан мен Қырғызстан өнерпаздарының арасындағы «Күй тартыс» — өзіндік музыкалық сайыс. Оркестрлер арасындағы айтыс музыканттар үшін де, көрермендер үшін де күтпеген тосын сый болды. Барлық қатысушылардың финалдық бірлескен орындауы кештің эмоционалды кульминациясына айналып, көрермендерде жарқын әсер қалдырды.
«Жұбановтар әуені – 2025» фестивалі аясында өткен «Дирижерлер шеруі» — қазақ музыка өнерінің дамуы мен халықаралық мәдени ынтымақтастықтың жарқын көрінісі болды. Кеш өнер мен руханияттың тоғысында өтіп, ұлттық мұра мен заманауи орындаушылық мәдениетті үйлестіре білді.