Ақтөбе өңірінде танымал би, жырау, ойшыл Мөңке би Тілеуұлының 350 жылдығына орай жоспарланған шаралар басталып кетті.
Мерейтой аясында ұлттық мұраны сақтау мен дәріптеуге бағытталған ауқымды мәдени, ғылыми және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Мөңке бидің өмірі мен мұрасына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, ұлттық спорттық ойындар, жыр және мүшәйра байқаулары, ұлт аспаптар оркестрінің кең көлемдегі концерті көрермен назарына ұсынылып отыр.
Іс-шараларға Қазақстан мен шетелден келген ғылым, мәдениет және саясат қайраткерлері, сарапшылар шақырылған.
Бүгін, таңертең қонақтар Мөңке би ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты гүл қою рәсіміне облыс әкімі Асхат Шахаров та қатысты.
Мерейтойлық шара Өнер орталығында жалғасты. Мұнда «Мыңжылдықты болжаған Мөңке би» ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияда сөз алған облыс әкімі Асхат Шахаров ұлы тұлға, данышпан би, ағартушының есімін ұлықтаудың маңыздылығын атап өтіп, оның даналығы мен әділдігі бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін үлгі болып қала беретінін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтай отырысында: «Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет», – деп атап өткен болатын. Жеті жасынан тура билік айтып, тыңдағанды ұйытқан Мөңке би – Мемлекет басшысы атап өткен көрнекті тарихи тұлғалар қатарында.
Мөңке Тілеуұлы – өз дәуірінің ғана емес, келер ұрпақтың да кемеңгеріне айналған тұлға.
Баба өсиеті халқымыздың бірлігін нығайтып, жас ұрпақтың жарқын келешегіне қызмет ете беруіне тілектестік білдіремін», – деп атап өтті әкім құттықтау сөзінде.
Мөңке бидің 350 жылдығы тек өңір тұрғындары үшін емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиғаға айналып, қазақ халқының рухани мұрасын, тарихи жады мен мәдени болмысын сақтаудың маңыздылығын айқындап отыр.