Облыс әкімі абайтанушылармен кездесті

Облыс әкімі абайтанушылармен кездесті

Іс-шара ұлы ақынның 180 жылдығына орай өтіп, жетекші ғалымдар, педагогтер мен Абай оқуларының жеңімпаздарын біріктірді.

 Құттықтау сөзінде облыс әкімі Асхат Шахаров Абай мұрасы халқымыздың рухани өмірінде айырықша орын алатынын атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ойшыл шығармашылығын жастар арасында тереңірек зерттеу қажеттілігі жөніндегі сөзін еске салды.

 «Абайдың мол мұрасы – бұл тек тарихтың бір бөлігі емес, бұл – ұлттық руханиятымыздың темірқазығы, баға жетпес қазынасы. Ол адамгершілік пен парасаттылық негіздерін қалап берді. Біздің ортақ міндетіміз – осы құндылықтарды өскелең ұрпаққа жеткізу. Бұл бірреттік акция емес, аймақтағы білім беру және мәдениет салаларында жүйелі түрде жалғасатын жұмыс», – деді Асхат Шахаров.

 Ол абайтанушыларға ұлттық өзіндік сананы және жастардың рухани тәрбиесін дамытуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

 Кездесу барысында М.Оспанов атындағы БҚМУ профессоры Алтай Тайжанов, Айтқалиев атындағы атаулы мектептің және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қуаныш Қонтай, Тоқмансай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Диана Ескелдина сөз сөйлеп, Абайдың рухани құндылықтарды қалыптастыру мен жастар тәрбиесіне әсері туралы баяндады.

 Кейін облыс әкімі көрнекті абайтанушылар мен мәдениет қайраткерлеріне алғыс хаттар табыстады. Марапатталғандар қатарында Алтай Тайжанов, Қуаныш Қонтай, Диана Ескелдина, Юрий Гончаров, Ілмира Аймағанбетова және басқалар бар.

Кездесудің ерекше сәті – биыл мектеп табалдырығын аттайтын Абай есімді балаларға көрсетілген құрмет болды.

 «Жаңа ұрпақтың Абайдай ұлы тұлғаның атын иеленуі – символдық мәнге ие. Бұл – елдік пен руханиятты, білім мен болашақты тоғыстырған сәт. Ата-аналарға осы саналы таңдауы үшін алғыс білдіремін. Ал балаларға еліне үлгі, ұлт мақтанышындай ұл болып өсулеріңізді тілеймін», – деді әкім.

Кездесу қазіргі қоғамдағы Абай рөлін талқылауға арналған маңызды алаң болды. Әкім рухани құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізу бағытындағы жемісті жұмыстың жалғасатынына сенім білдірді.

 «Абай мұрасы – мәңгі. Ол мектептерде, кітаптарда, жастарымыздың жүрегінде жаңғырып тұруы тиіс. Бұл – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз», – деп түйіндеді Асхат Шахаров.