Ақтөбе облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті

Ақтөбе облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәжіліс залында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Отырысқа өңір басшысы Асхат Шахаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Саркулов, Агенттіктің Превенция қызметінің өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ, қала мен аудан әкімдері, басқарма басшылары және кәсіпкерлік палатасының өкілдері,  облыстың квазимемлекеттік сектор басшылары қатысты.

Жиынды аша отырып, облыс әкімі өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылы қажеттігін сөз етті.

Комиссия отырысының күн тәртібінде үш өзекті мәселе қаралды: біріншісі - сыбайлас жемқорлық тәуекелдері арқылы өңірлік проблемаларды анықтау және жою; екіншісі - проблемалық нысандар бойынша атқарылған жұмыстар және үшіншісі - кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары.

Отырыс барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Талғат Башев, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы директорының м.а. Руслан Күйшиновтің баяндамалары тыңдалып, бірқатар сұрақ қойылды. Комиссия мүшелері мен қатысушылар өңірдегі өзекті мәселелерді ашық талқылап, оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізді.

Мәселен, әкім орынбасары Асылбек Есенбаевтың ақпаратына сүйенсек, Ақтөбе облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен облыс әкімдігі бірлесіп, 2023 жылы ұзаққа созылған 17 проблемалық нысанды аяқтау бойынша жоспар бекітті. Оның ішінде 4 нысан пайдалануға берілді. 2024 жылы 13 нысан жоспарланып, 6 нысан іске қосылды. 2025 жылға арналған жоспармен 12 нысан бекітілді, оның 2-еуі аяқталды, қалғандары бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ, 2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті автомобиль жолдары саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліпті. Нәтижесінде 18 іс-шарадан тұратын тәуекелдерді жою жөніндегі жоспар бекітіліп, оны іске асыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылған.

«Атап айтқанда, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, жол жамылғысының бұзылуын болдырмау, жобаларды түзету және сараптамамен қайта келісу алгоритмі облыс әкімінің өкімімен бекітілді. Құзырлы мекемелермен келісу, орташа жөндеу жұмыстарына сараптама алу, құрылыс материалдарының бағасын негізсіз өсірмеу мәселелері облыс әкімі мен орынбасарларының төрағалығымен өткен жиындарда қаралды. Аяқталмаған жобаларды уақытылы іске асыру мақсатында жол картасы қабылданды. Жоспардың қалған тармақтары бойынша Ақтөбе қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс жалғасуда, тиісті ақпарат тұрақты түрде ұсынылып отырады», - деді Асылбек Есенбаев.

Жиын соңында облыс әкімі Асхат Шахаров және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Саркулов жиынды қорытындылады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамдық бақылауды күшейту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру қажеттігі баса айтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша тиісті хаттамалық тапсырмалар берілді, ал олардың орындалуы бақылауда болады.