2025 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстанның алты қаласында, оның ішінде Ақтөбеде, спорт, шығармашылық және қосымша білім беру бағыттары бойынша біріңғай ваучер беру жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Бұл жоба ата-аналар үшін де, балаларды дамыту саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жобаны іске асыру тетіктері мен ерекшеліктері туралы Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасында Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі саларалық кеңестің қосымша білім беру бойынша кіші секторының отырысында айтылды.
Бұл жай ғана жоба емес – бұл білім алуды қолжетімді, ашық әрі отбасының нақты қажеттіліктеріне бейімделген етуге бағытталған қадам. Мемлекеттік тапсырыс алғаш рет тұлғалық қаржыландыру қағидаты бойынша орналастырылады, енді ваучер ұйымға емес, баланың артынан жүреді, – деп атап өтті Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертлеуова.
Ваучер алуға 4 жастан 18 жасқа дейінгі, пилоттық жобаға қатысушы қалаларда тұратын балалар құқылы. Өтінішті баланың ресми өкілдері – ата-аналар, қамқоршылар, асырап алушы немесе патронат тәрбиешілер бере алады.
Ваучердің екі түрі бар:
Мақсатты ваучер – мемлекеттік мекемелердегі үйірмелерге кезексіз қатысу үшін;
Жалпыға арналған ваучер – жеке ұйымдардағы (кружок, секция, курс) қызметтерге, мұнда кезек жас мөлшері мен отбасының әлеуметтік мәртебесіне қарай құралады.
Маңызды: әр балаға тек бір бағыт бойынша бір ваучер ғана беріледі — ол спорт, өнер немесе кез келген қосымша білім саласы болуы мүмкін.
Жоба аясында алғаш рет «еркін таңдау» қағидаты енгізіліп отыр: бала қаржыландыруды жоғалтпай, бір секциядан екіншісіне ауыса алады, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Балмағамбетова.
Пилоттық жобаның мақсаты тек қолжетімділік қана емес, сонымен қатар сапаны арттыру. Қызмет көрсетушілерге (үйірме, секция иелері) келесі талаптар қойылады: қауіпсіз инфрақұрылым; санитарлық және өртке қарсы талаптарға сәйкестік; бекітілген білім беру бағдарламалары; білікті педагогтер.