Кеңес Одағының Батыры, халық қаһарманы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай Ақтөбе қаласында мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихат мүшелері, Астана, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Қарағанды облыстарынан келген делегациялар, сондай-ақ Әлия Молдағұлованың туыстары мен басқа да азаматтар қатысты.
Жиналғандар аты аңызға айналған мерген қыздың жарқын бейнесін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Әлия Молдағұлованың жарқын бейнесі мен өшпес ерлігіне құрметпен үн қатты. Ол Мемлекет басшысының атынан шараға қатысушыларды осы айтулы күнмен құттықтап, хас жауынгер қыздың ерлігі халықтың батырлығы, отансүйгіштігі мен жанқиярлығының мәңгілік символы болып қалатынын атап өтті.
«Бүгін біз Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының даңқты қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуын атап өтудеміз. Оның ерлігі мен жанқиярлығы талай ұрпаққа үлгі. Бұл атаулы күн — тек Ақтөбе өңірі үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін тарихи маңызды кезең. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, мерейтой республикалық деңгейдегі атаулы күндер тізіміне енгізілді. Бұл оның ерлігінің мемлекеттік маңызын көрсетеді.
Әлияның батырлығы — өткен күннің ғана емес, бүгінгі ұрпақты тәрбиелеудің айқын үлгісі. Бүкіл ел көлемінде, соның ішінде Ақтөбе облысында, Отан үшін жанын пида еткен ерлердің есімін ұлықтауға бағытталған кең ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұл тарихты кейінгі буынға жеткізу — біздің перзенттік парызымыз. Жастардың бойында елге деген мақтаныш пен ерлік рухын сіңіру — бүгінгі міндетіміз», — деді Мәлік Отарбаев.
Құттықтау сөзден соң, монумент-ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Дәстүрлі әскери оркестрдің сүйемелдеуімен гүл себеттерін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі мен облыс әкімі, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, батырдың туыстары, өңірлерден келген делегациялар, ардагерлер, зиялы қауым мен жастар салтанатты түрде қойды.
Сондай-ақ, бұл шараға «Әлия гүлі достарын қарсы алады» атты Халықаралық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы фестиваліне қатысушылар да қатысты. Аталған фестиваль Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Гүл қою рәсімі өткен мемориалдық кешен 2005 жылы Әлияның 80 жылдық мерейтойына орай бой көтерді. Биіктігі 3,8 метрді құрайтын қола мүсіннің авторы — ақтөбелік мүсінші Бақытжан Әбішев. Ескерткіш тұғырындағы барельефті белгілі мүсінші Ескен Серғабаев жасап шыққан. Ол қазақ жерінің тарихи бейнелерін бейнелейтін көркем композициямен ерекшеленеді.