Өңір басшысы Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

Өңір басшысы Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

Ақтөбеде Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті. Орталық саябақтағы басты Ту тұғыр алаңында Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру салтанатты рәсімі өтті.

Шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, мемлекеттік қызметшілер, құқыққорғау органдарының өкілдері, жастар ұйымдары, волонтерлер мен қала тұрғындары қатысты.

Қатысушылар Қазақ камералық хоры және эстрадалық үрмелі аспаптар оркестірінің сүйемелдеуімен Әнұранды орындады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көкке көтерілді.

Құттықтау сөзінде облыс әкімі Асхат Шахаров мемлекеттік рәміздердің патриотизм мен ұлттық сананы нығайтудағы рөлін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны — бұл біздің мемлекеттілігімізді күллі әлем алдында айқындайтын ең биік құндылықтарымыз. Рәміздер халқымызға ерекше рух береді, елге деген мақтаныш сезімін оятады. Бүгінде ақтөбеліктер спорт, ғылым мен мәдениет салаларындағы жетістіктерімен Қазақстан туын биікке көтеруде. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбірей берсін!», — деді  өңір басшысы.

Іс-шара түрлі жас және түрлі мамандық иелерінің басын патриоттық рухта біріктіре отырып, әрбір жанға бірлік, ұрпақтар сабақтастығы мен Отанға деген сүйіспеншіліктің маңызын еске салды.

Мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын 4 маусымда аталып өтеді және ол — ұлттық бірегейлік пен тәуелсіздіктің құндылығын айқындайтын ел тарихындағы маңызды күн.