Мәдениет және өнер қызметкерлері Өнер орталығында бас қосты. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен мәдениет саласы қызметкерлерінің алқа жиынында өткен жылғы жұмыс қорытындылары баяндалып, алдағы жоспарлар таныстырылды.
Өңір басшысы қатысушыларды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтап, сала мамандарына түрлі дәрежедегі марапаттарды табыстады. Айта кетейік, «Алақай»қуыршақ театрының актрисасы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Гүлнар Баймағанбетова Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиында «Құрмет» орденін иеленді.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру мен дамыту мәселесіне үнемі ерекше назар аударып келеді. Халқымыздың рухани байлығы мен ұлттық құндылықтарының алтын арқауын жалғап, ұлттың болмысын, елдің еңсесін асқақтатып жүрген сіздердің еңбектеріңіз — аса қадірлі. Облысымыздың мәдени саласы қарқынды дамып келеді», — деді облыс әкімі.
Өңір басшысының сөзінше, облыстағы 470-тен астам мәдениет және өнер мекемесінде 3400-ге жуық маманқызмет етіеді. Жыл басынан бері 10 мыңға жуық мәдени іс-шара өткізілді. Облыстық филармония ұжымдарының репертуары 50 жаңа шығармамен толығып, Швейцария, Польша елдерінде өткен гастрольдік сапарларға шықты. Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры 5 жаңа қойылыммен толығып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Облыс музейлерінің қоры 200 мыңнан астам бірлікке жетіп, тарихи жәдігерлердің сақталуы мен насихатталуына айырықша үлес қосуда. Президент тапсырмасына сай облыс орталығында жаңа драма театрының еңселі ғимараты бой көтермек.
Алқа жиынында сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисовааталған салада атқарылған істер туралы толық мағлұмат берді. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыста 30 155 мәдени шара өтіп, 3 млн-нан астам көрермен қамтылған.
«Өңірдегі мәдени іс-шаралар «Қазақстан Республикасы мәдени тұжырымдамасының 2023-2029 жылдарға тұжырымдамасын бекіту туралы», «Өңірді дамыту жоспары», «Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» стратегиялық құжаттары негізінде ұйымдастырылады. Ақтөбенің дербес брендіне айналып, республика көлемінде жоғары бағаланған имидждік мәдени іс-шаралар да бар», — деп атап өтті ол.
Әрі қарай облыстағы концерттік ұйым, театрлар, музейлер мен кітапханалар, архив саласы, тарихи -мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы, мәдени-тынығу мекемелерінің, оның ішінде аудандардағы мекемелердің жұмысына қатысты толық ақпарат беріп, өңірде креативті индустрия бағытындағы жүргізіліп жатқан істерге де тоқталды.
Алқа жиынында мәдениет және өнер қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының артисі М.Ілиясова «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қаржы және жоспарлау бөлімінің бас маманы Г.Тажбаева «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Қалалық мәдениет сарайы, эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрінің дирижері, артисі Б.Дүйсенбаев пен еркін суретші И.Құрманалина «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, ағайынды Жұбановтар музейінің қор сақтаушысы А.Жәнібекова ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасымен, С.Бәйішев атындағы облыстық кітапхананың бөлім меңгерушісі Р.Қарағұлова ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен бірге тағы бірқатар қызметкерге облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Облыстық және аудандық мәдениет ұйымдарының қызметкерлері, саланың ардагерлері қатысқан отырыства ведомствоға қарасты бірқатар мекеме басшылары да сөз алып, жұмыс қорытындысы мен алдағы жоспарлар туралы мағлұмат берді.