🔹Ақтөбе әкімдігінде қала әкімі Азамат Бекеттің Оңтүстік Кореядан келген инвесторлар делегациясымен кездесуі өтті

🔹Ақтөбе әкімдігінде қала әкімі Азамат Бекеттің Оңтүстік Кореядан келген инвесторлар делегациясымен кездесуі өтті

Кездесудің басты мақсаты — қоршаған ортаны қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту. Келіссөздер бұған дейін қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясында өтті.

Атап айтқанда, кореялық инвестициялық компания өкілдері 2023 жылы консервацияланған ескі қалалық полигон аумағында қоқыстан шығып жатқан газдан электр энергиясын өндіру жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Шетелдік мамандар жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу үшін жабылған полигон аумағын егжей-тегжейлі зерттеу қажеттігін айтты.

Еске салсақ, ескі полигон 2023 жылдың қараша айында толық жабылған болатын. Ол жерде 20 метр тереңдікке кеткен қоқыс метан газының түзілуінен тұтанып, 2023 жылдың соңына дейін бірнеше жыл жаз айларында жиі өртенді. Осыдан екі жарым жыл бұрын консервациялау жұмыстары аясында 42 гектар аумақ топырақпен көміліп, газды сыртқа шығару үшін 74 желдеткіш құбыр орнатылды. Шетелдік инвесторлар дәл осы құбырлардан шығатын полигон газын электр қуатын өндіру үшін пайдалануға болатын жобаны жасауды ұсынды.

Кездесу барысында тараптар серіктестікті тереңдету перспективаларын талқылап, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және заманауи «жасыл» технологияларды енгізуге ерекше назар аударды.

«Оңтүстік Корея — еліміздің стратегиялық әріптестерінің бірі. Ақтөбе қаласының инвестициялық әлеуеті жоғары және біз заманауи инфрақұрылымды дамытуға және инновациялық жобаларды іске асыруға ниетті шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», — деп атап өтті қала әкімі Азамат Бекет.

Өз кезегінде кореялық делегацияның жетекшісі Хван Гю Хо жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, экологиялық жобалардың сәтті жүзеге асатынына сенім білдірді.