Ақтөбелік ұстаз Президенттің қолынан награда алды

Ақтөбелік ұстаз Президенттің қолынан награда алды

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда төрінде ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтты.

«Міржақып Дулатұлы «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалім – әрбір балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан. Сондықтан бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін»,
– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент білім саласындағы реформаларды, жетістіктерді тілге тиек етіп, озық ойлы ұлт болу үшін ең алдымен, білім-ғылымның дамуына баса мән беруіміз керек деп санайды.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазды мемлекеттік наградамен марапаттады.

Сондай-ақ, Президент қолынан мектеп мұғалімдерімен бірге колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары, ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандар да марапат алды. Олардың қатарында Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің «Автоматтандыру және басқару» бөлімінің меңгерушісі, арнайы пәндер оқытушысы Дархан Шаңбаев та бар.

Педагог салада 10 жылдан астам еңбек етіп келе жатыр. Ол жас мамандарды тәрбиелеу ісінде, техникалық білім беруді дамытуда және білім алушылардың кәсіби дағдыларын қалыптастыруда аянбай еңбек етіп келеді. Ол педагогикалық қызметімен қатар, жастардың ғылыми жобаларға, инновациялық идеяларға қызығушылығын арттырып, түрлі республикалық, байқауларда шәкірттерін жеңіске жеткізген тәжірибелі ұстаз. Былтыр жас ұстаздың өзі республикалық «Үздік педагог - 2024» байқауының жеңімпазы атанған. Мемлекет басшысы бұл күні білім саласына үлес қосып жүрген Дархан Шаңбаевтың кеудесіне «Шапағат» медалін тақты.