М.Маметова көшесінің бойындағы “Керуен” ойын-сауық, сауда орталығына қарсы беттегі көктем-күзде балшық болып бос жатқан 30 соток жер аз уақытта әдемі скверге айналды. Оны өз қаражатына абаттандырған “Алихан ОЙЛ 3” ЖШС қаламызға сыйлады.
Айта кетсек, шаһарымыздағы ірі кәсіпорындар қала әкімі Азамат Бекеттің Ақтөбені абаттандыруға үлес қосу туралы үндеуін қабыл алып, бос жатқан аумақтарда шағын аллеялар мен скверлер жасауды қолға алды.
«Біз қала әкімінің ұсынысын қабылдап, отбасымыздың және өз компаниямыздың атынан Ақтөбеге сыйлық жасауды ұйғарып, өз қаражатымызға сквер салдық. 1000 квадрат жерге жаяу жүргіншілер үшін брусчатка, 900 квадрат автотұрақ, заманауи орындықтар, светильниктер қойылып, жарықтандырылды. Сондай-ақ 2,500 квадратқа газон егеміз, ағаш түрлерін, гүлдер отырғызамыз. 17 метр тереңдіктер скважина қазып, су шығардық, тұрбалар орнатып, суару жүйесін тартып жатырмыз», - деді “Алихан ОЙЛ 3” ЖШС директоры Зұлқожа Қожаев.