Алға ауданына облыстық мәслихат төрағасы Г.Сүйінтаева мен депутаттар жұмыс сапарымен келді.

Алға ауданына облыстық мәслихат төрағасы Г.Сүйінтаева мен депутаттар жұмыс сапарымен келді.

Бүгін Алға ауданына облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Рамазанқызы Сүйінтаева және облыстық мәслихат депутаттары жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында бірқатар нысанды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың мәселелерімен танысты.


Алғашқы болып Тамды ауылына барған депутаттар “Жұлдыз-ай” балабақшасының жұмысын бақылап, балабақша ұжымымен пікір алмасты. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың әлеуметтік қажеттіліктеріне қатысты сұрақтарды тыңдады.

Келесі кезекте Алға қаласына барған депутаттар орталық стадионның жағдайын қарап, оның күрделі жөндеуді қажет ететінін атап өтті.

Алға аудандық Мәдениет үйінде қала тұрғындарымен өткізілген кездесуде денсаулық сақтау саласындағы мәселелер көтеріледі. Тұрғындар дәрі тапшылығы, дәрігерлердің жетіспеушілігі және медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша өтініштерін білдірді.

Депутаттар тұрғындардың пікірлерін мұқият тыңдап, олардың өтініштерін шешу үшін нақты қадамдар кезең-кезеңімен жасалатынын жеткізді.

Сапардың соңында облыстық мәслихат депутаттары Бестамақ ауылына барып, ауыл ақсақалы Аманжол ағаймен кездесіп, пікір алмасып қайтты. Аманжол ағай ауылдағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жағдайлар туралы баяндап, ауылда тұрғындар арасында жиі көтерілетін сұрақтарға тоқталып өтті.

Бұл жұмыс сапары Алға ауданындағы тұрғындардың мәселелерін тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастыруда маңызды қадам болды.

Аталған кездесулер барлық округте өз жалғасын табатын болады.