
Жиынға Алға қаласы мен ауылдық округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Жиын барысында аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ.Үсенғалиев сәуір-мамыр айларына жоспарланған екі айлық тазалық жұмыстарының жүргізілу барысы, бекітілген жауаптылар туралы баяндама жасады.
Жалпы, жер қарайып, қар кетісімен ауыл, қала көшелеріндегі қар астына заңсыз лақтырылған кездей-соқ қоқыстар жер бетіне шығатыны баршамызға аян.
Қазақ қашанда адам мен табиғат ұғымы егіз деп санаған, себебі адам да табиғаттың ажырамас бір бөлігі. Сондықтан да, халқымызда «Жер-Ана» деген егіз ұғым қалыптасқан. Жерді өз Анасындай, Анасын Күндей қастерлеу – бағзы заманнан бергі ата салтымыз. «Жер шоқтығы - Көкшетау», «Жер жаннаты - Жетісу» деп, бабаларымыз туған жерге, табиғатқа деген ыстық махаббатын білдірген.
Сондықтан осындай баға жетпес байлық табиғатты аялау - біздің ортақ міндетіміз.
Осы ретте, ауданда сәуір - мамыр аралығында екі айлық тазалық акциясы жарияланып отыр.
Осы орайда, аудан басшысы барлық жиынға қатысушыларға ауданның тазалығын қолға алып, барша алғалықтарды тазалық жұмыстарына ат салысуға шақырды.
Бүгінде, ауданымыздың өзінде 45 мыңға жуық тұрғын тұрса, 3,5 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері қызмет атқаруда.
Күнделікті аудан ішіндегі тіршілік айналаны ластап қана қоймай, адам денсаулығына зиянын тигізуде. Осы жағдайлардың барлығын сараптай келе, жиынға қатысушылар бірауыздан қолға алынған екі айлық сенбілік жұмыстарына қолдауларын білдірді.
Сонымен қатар, осы акцияның аясында барша тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысандардың иелерін өз аумақтарын қоқыстан тазартып, ортақ үйіміз, яғни ауданымыздың абаттандырылуына белсене қатысып, өз үлестерін қосуға шақырамыз.