Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды

Өңірде ауыл халқының табысын арттыруды көздейтін «Ауыл аманаты» жобасы ресми түрде бастау алды.
Шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, мемлекеттік орган басшылары, аудан, ауылдық округ әкімдері, ауылшаруашылығы саласының ардагерлері және ауылшаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.
 «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болатынын айтып өтті. Аталған  салада 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады. Президент тапсырмасына сәйкес,  алдағы үш жыл ауылдық аумақтарды барынша дамытуға арналады. Ақтөбе облысы мемлекет басшысының тапсырмасын алғашқылардың бірі болып орындап жатқанын мақтанышпен айта аламын. Бүгін біздің өңірде халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы басталып жатыр. Жобаға қатысатын ауылдар толықтай скринингтен өткізіліп,  әлеуметтік портреті анықталды. Скрининг нәтижесінде, нақты жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтушылар саны, әр отбасының табысы айқындалды. Сондай-ақ, мал және құс етімен, көкөніспен қамтамасыз етілу деңгейін, дамытуға қажетті өндіріс түрлерін белгіледік», — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Жобаға барлық 12 ауданның 24 ауылдық округінің 42,4 мың тұрғыны қатысады, олардың жартысынан астамы экономикалық белсенді халық санатына жатады. Аталған ауылдарда 747 тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған және тұрақты табыс көзі жоқ тұрғындар саны 5 мыңнан асады. Атаулы әлеуметтік көмекті 151 отбасы алып отыр.

Ауыл халқымен алдын ала кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында олар құс және өсімдік шаруашылығын дамыту, кооперативтерді жабдықтау, ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнімдерін шығару үшін шағын және орта бизнес ашу және дамыту бойынша 2772 жобаны жүзеге асыратын болады.
 
«Жобаны қаржыландыруға биыл республикалық бюджет есебінен 3 млрд. теңге бөлінді. 2023 жылы қаражат көлемі артады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына бөлінген қаражаттан бөлек ірі шаруа қожалықтары есебінен тауарлық несие ретінде 6 000 басқа жуық мал беретін боламыз. Осы сәтті пайдалана отырып, ірі шаруашылық басшыларына ризашылығымды білдіргім келеді. «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлік ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жоба ауылшаруашылығын дамытып, ауылдың берекесін көтеруге әсер ететіні анық. Бағдарламаны әрі қарай әр ауылда жүзеге асыру мақсатында әр аудан, әр ауыл бойынша әлеуметтік-экономикалық Кешенді жоспар әзірлеуге тапсырма бердім», — деп Ералы Тоғжанов сөзін нақтылады. 
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаражат беру тетігі барынша жеңілдетілген. Ел тарихында тұңғыш рет жобаға қатысушылар ауылдағы үйін кепілге қоя отырып, 2,5%-бен жеңілдетілген несие, сонымен бірге, қарыздың жалпы мерзімінің алғашқы үштен біріне кредиттік демалыс ала алады. Револьверлік әдіспен қайтарылатын қаражат жаңа жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
«Ауыл аманатына» қатысушылар жеке қосалқы шаруашылықтар ретінде кооперативтердің құрамына кіреді. Бұл ауылшаруашылығы техникасын сатып алуға 50%-ға дейін субсидия алуға, өнімді қайта өңдеу және өткізу процестерін жүйелеуге мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде оған қатысатын елді мекендердегі жұмыссыздық деңгейі 41,4%-ға төмендейді, атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатары 885-тен 449-ға азаяды. Сондай-ақ, тұрғындардың орташа табысы 172 мың теңгеден 330,3 мың теңгеге, яғни екі есе артады деп болжануда. Бұдан өзге, сарапшылардың есебінше, құс етімен қамтамасыз ету 20,6%-дан 51,2%-ға дейін, көкөністер 17,4%-дан 29,9%-ға дейін, картоп 38,8%-дан 63,5%-ға дейін өседі.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі