Алғада ескі көпқабатты үйлер қайта жаңғыртылады

Алғада ескі көпқабатты үйлер қайта жаңғыртылады
22 мамыр, жексенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Алға ауданында болды.
Жұмыс сапары кезінде өңір басшысы бірнеше елді мекенде болып, оларды дамыту және абаттандыру жұмыстарымен танысып, халықпен жүздесті.
Алғада облыс әкімі былтыр тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасымен жөнделген үйлерді қарап шықты.
1956-1975 жылдары салынған бес үй жаңғыртылып "өмірге қайта келді". Жөндеу жұмыстарының арқасында үйлердің шатыры, кәріз және су құбырлары, электр жүйесі жаңарды, жертөлесі құрғақ, қасбеті әдемі.
Оңдасын Оразалин тұрғындармен тілдесіп, жұмыс сапасына қандай баға беретіндерін сұрады.
"Жөнделген үйде қыстап шықтық, жылы болды. Жақында жауған жаңбыр да зиян келтірмеді, бұрын шатырдың суы ішке ағатын. Үйіміздің осылай өзгергеніне ризамыз",- деді Жеңіс көшесіндегі 10-шы үйдің бір тұрғыны.
Биыл екі үйді жаңғырту жоспарда бар. Бұдан бөлек, тағы көпқабатты алты үйді жөндеуге жобалық-сметалық құжат дайындалуда.
"Басқа үйлердің тұрғындары нәтижесін көріп, олардың да үйлеріне осындай жұмыстар жүргізуді өздері өтінуде",- дейді аудан әкімі Нұрбол Ержанов.
Өңір басшысы барлық жұмысты тұрғындармен қатаң түрде келісе отырып, жүргізуді тапсырды.
Бұдан өзге, Оңдасын Оразалин аудан орталығын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта күрделі жөнделіп жатқан орталықтандырылған кітапхананың ғимаратын қарап шықты. Сондай-ақ, өңір басшысы "Алға-Самбай" автокөлік жолының орташа жөндеу жұмыстарының және "Нұрсая" мен "Ажар" шаруа қожалықтарының егін салу жұмыстарының барысын қарап шықты.
Облыс әкімі
Қарағаш ауылдық округінде халықпен кездесті. Ол ауыл тұрғындарының өтініштерін мұқият тыңдап, барлық сауалдарына жауап берді.
Үшқұдық ауылында өңір басшысы Желмая және Атамұра көшелеріндегі жолдардың орташа жөндеу жұмыстарын, сонымен қатар, спорт кешенінің құрылыс барысын қарап шықты.
Жобалар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.