Түркістаннан Шымкентке дейінгі велотур

Түркістаннан Шымкентке дейінгі велотур

Алға ауданының зейнеткер ұстазы, "Отбасы" орталығының меңгерушісі, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ерғалиева Бақыт Қарағұлқызы мен жолдасы Ерғалиев Ізімғали ағай салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Түркістан-Шымкент қалалары аралығында велосипедпен сапарға шығып, Ордабасы, Сайрам, Бәйдібек, Төрткүл аудандарында болды.

Сапар барысында аялдаған аудандарда Бақыт Қарағұлқызын жолдасы Ізімғали ағаймен бірге жауапты мамандар күтіп алып, сый-құрметтерін көрсетті. Бақыт апайдың еңбегі мен атқарып отырған жұмыстары туралы ақпараттармен таныс болған аудан азаматтары жергілікті тұрғындармен жүздесуін өтініп, соның нәтижесінде, бірнеше кездесулер ұйымдастырылды.

Кездесулер барысында Бақыт Қарағұлқызы салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар отбасы құндылығы, адамдар арасындағы қарым-қатынас, қоршаған ортаға деген көзқарас туралы ой қозғап, тренингтік жұмыстар жүргізді.

Зейнеткерлік жасқа жетсе де, спортты жанына серік етіп, оқығанын өзгелермен бөлісуге асығатын Бақыт апайдың еңбекқорлығы мен жаңашылдыққа деген құштарлығына тәнті болған кездесуге келушілер апаймен естелік суреттерге түсіп, алғыстарын білдірді.

Бірнеше күнге созылған велосапар өз мәресіне жетті. Ойдағыдай өткен кездесулерден алған жылы естеліктері мен әсерлі сәттерімен бөлісуге асық Бақыт апай ауданға қарай жол тартты. Жарайсыз, Бақыт Қарағұлқызы!!!