«Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидалары

«Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидалары

Өз қызметін Бағдарлама шеңберінде экономиканың басым секторларында жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге, сондай-ақ халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары  конкурстық іріктеуге құжаттарын толық көлемде ұсынған кәсіпкерлер конкурстық іріктеуге қатысушы бола алады.

Бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы 2 (екі) млн. теңгеден 5 (бес) млн. теңгеге дейін құрайды.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған бизнес-жобаның міндетті шарттары:

1)    берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10%-ы мөлшерінде оны іске асыруға арналған шығыстарды кәсіпкердің, оның ішінде бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүлікпен (талап халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары үшін міндетті емес) бірлесе қаржыландыруы (ақшалай қаражатпен);

2)    жаңа жұмыс орындарын құру;

3) кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы және/немесе жобаны іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылым құру көзделген инвестициялық жоспардың болуы;

       Мемлекеттік гранттарды гранттар беруге шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдерін іріктеу бойынша өткізілетін конкурстардың қорытындылары бойынша береді. Конкурстық өтінімдерді қарау кезінде конкурстық комиссия мынадай өлшемшарттар негізінде мемлекеттік грант берудің мүмкіндігі/мүмкін еместігі туралы шешім қабылдайды:

1) бизнес-идеялардың жаңашылдығы (талап халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары үшін міндетті емес);

2) бизнес-жобаның бәсекеге қабілеттілігі (нарықтық қажеттілікті пысықтау – маркетингтік талдау);

3) бизнес-жобаның қолданысқа енгізуге дайындығы (өндірісті ұйымдастыру мәселесін пысықтау, жобаны орналастыру үшін үй-жайдың, өткізу нарығының болуы, өндірісті іске қосу үшін жобаның дайындық деңгейі).

Кәсіпкерлер жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын мынадай мақсаттарға пайдаланады:

1) тауарларды шығаруға немесе қызметтерді көрсетуге қажетті негізгі құралдарды, шикізатты және материалды сатып алу;

2) материалдық емес активтерді сатып алу;

3) технологияларды сатып алу;

4) кешендi кәсiпкерлiк лицензияға (франчайзинг) құқықтарды сатып алу;

5) зерттеу жұмыстарымен және/немесе жаңа технологияларды енгізумен байланысты шығыстар.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын мынадай мақсаттарға пайдалана алмайды:

1) жылжымайтын мүлікті және/немесе жер учаскесін сатып алуға;

2) жалдау ақысы ретінде;

3) үлестес/байланысқан компаниялардан/тұлғалардан негізгі құралдарды/активтерді сатып алуға (көрсетілетін қызметтерді алуға/жұмыстарды орындауға);

4) бұрын қолданыста болған негізгі құралдарды (жабдықтарды) сатып алуға пайдалануға болмайды.

Кәсіпкердің бизнес-жобаны іске асыру мерзімі шартқа қол қойған кезден бастап 18 (он сегіз) айдан аспауға тиіс.

Өтінімдер Qoldau.kz платформасында қабылданады

Өтінім беру үшін сайтта тіркеліп, Пайдаланушы келісіміне қол қою қажет (ЭЦҚ болған жағдайда). 

 Веб-порталдың жеке кабинетінде тіркелу үшін «Qoldau.kz» пайдаланушылары мынадай мәліметтерді көрсетеді:

1) жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер үшін - ЖСН, тегі, аты және әкесінің аты (бар болса);

2) заңды тұлғалар үшін - БСН, толық атауы; бірінші басшының тегі, аты және әкесінің аты (бар болса) және ЖСН;

3) байланыс деректері (пошталық мекенжайы, телефоны, электрондық пошта мекенжайы);

4) Екінші деңгейдегі банктегі банктік шоттың деректемелері (шот жеке кәсіпкердің немесе ЖШС болуы тиіс).

Анықтама үшін: жоғарыда көрсетілген деректер өзгерген кезде пайдаланушы бір жұмыс күні ішінде жеке кабинетке енгізілген дербес шоттың деректерін өзгертеді.

Qoldau.kz сайтында тіркелгеннен кейін кәсіпкер жоба құрып, өтінім бергенге дейін барлық қажетті тармақтарды толтыра алады.

Өтінім беру байқаудың басталғаны туралы хабарланғаннан кейін қолжетімді болады.

Кәсіпкерлерді іріктеуге конкурс өткізілетіні туралы хабарландыру «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде, және Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасының сайтында, kasipker_aktobe инстаграм желісінде жарияланады.

 (жобаны құру үшін Qoldau.kz сайтқа кіріңіз, «БЖК» таңдаңыз-бизнес-идеяларға гранттар - жобалар тізілімі-жобаны қосу). 

Qoldau.kz сайтында өтінім берген кезде келесі құжаттарды тіркеу қажет:

1) Нысан бойынша дайындалған бизнес-жоспар;

2) «БЖК 2025» бағдарламасы және (немесе) «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту Бағдарламасы шеңберінде кәсіпкердің оқудан өткенін растайтын, ескіру мерзімі 2 (екі) жылдан аспайтын құжаттың көшірмесі (болған жағдайда);

3) ұсынылатын мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10%-ы мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды бірлесіп қаржыландырудың болуын растайтын құжаттар, яғни кәсіпкердің ағымдағы шотында ақша қаражатының бар екені туралы банк шотынан үзінді көшірме немесе бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттар (бұл өлшемшарт халықтың әлеуметтік осал топтары санаты үшін қолданылмайды)

4) Егер кәсіпкер халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын болса, халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызу мәртебесінің болуын растайтын құжатты салу қажет.

5) Өтінім берілген кездегі жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы басшының қолымен және өтініш берушінің мөрімен (болған кезде) расталған құжат (болған жағдайда);.

Назар аударыңыз! Барлық файлдарды PDF форматында енгізу керек!