Алға ауданының әкімі Н. Ержановтың Жеңіс күнімен құттықтауы!

Алға ауданының әкімі Н. Ержановтың Жеңіс күнімен құттықтауы!

Құрметті алғалықтар! Қадірлі тыл еңбеккерлері!

      Сіздерді қасиетті де ұлы мереке – 9 мамыр Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесі. Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары адам төзгісіз қиыншылықтарды аға ұрпақ қайыспай көтеріп, елдің қамал-қорғаны болды. Жеңімпаз ұрпақтың ерен ерлігі, жалындаған жігері, өршіл рухы, Отанымыздың тәуелсіздігі жолындағы халқымыздың құрыштай берік бірлігі –бүгінгі ұрпаққа әрқашанда үлгі болып рухтандырады.

         Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсті, Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Олардың Отан үшін жасаған ерліктері ұрпақтан-ұрпаққа жете береді.

         Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі де – осынау жеңістің жемісі. Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.

         Қадірлі майдангер ұрпақтары мен тыл еңбеккерлері! Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!

 Алға ауданының әкімі Н.Ержанов