
Астана күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Сәні мен салтанаты жарасқан – Астана» атты салтанатты мерекелік кеш өтті. Елорданың өсіп-өркендеу жолын, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін дәріптеуге арналған шараға аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты.
Мерекелік кеш барысында аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиев жиналған қауымды Астана күнімен құттықтап, елорданың мемлекетіміздің қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени дамуының басты орталығына айналғанын атап өтті. Сонымен қатар тұрғындарға зор денсаулық, бақ-береке, ел бірлігі мен тыныштық тіледі.
Мерекелік концертте Ақтөбе қаласынан арнайы келген өнерпаздармен бірге ауданның мәдениет саласының қызметкерлері мен көркемөнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Патриоттық әндер, халықтың сүйікті туындылары мен заманауи музыкалық шығармалар орындалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Әсем ән мен көтеріңкі көңіл күйге толы кеш барысында тұрғындар өнер иелеріне ыстық ықыластарын білдіріп, концерттік бағдарламаны зор қошеметпен қабылдады.
Мерекелік шара елорданың мерейін ұлықтап қана қоймай, аудан жұртшылығына рухани серпін сыйлап, ел бірлігі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды басқосуға айналды.