
Алға ауданының орталығы - Алға қаласында Асхат Шахаров қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Шоқан Уәлиханов көшесіндегі жол учаскесін аралап көрді.
Аудан әкімі Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, ұзындығы 1,25 шақырым жол жөнделеді. Көшені жөндеуге аудандық бюджеттен 153,97 млн теңге бөлінген. Мердігер ұйым – «Дэн Групп» ЖШС нысанды осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Асланбек Шүйіншалиевтің сөзінше, Алға ауданының жол инфрақұрылымын дамытуға 1,34 млрд теңге қарастырылған. Жалпы ұзындығы 22 шақырым жолды салу және жөндеу жоспарлануда. Оның ішінде 9,4 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар, ал 12,6 шақырымы – елді мекен ішіндегі көшелер.
Ірі жобалардың қатарында ұзындығы 9,4 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар «Алға – Тоқмансай» автомобиль жолын орташа жөндеу, Алға қаласындағы №1 тұрғын үй алабында жол салу, қала көшелерін күрделі жөндеу, сондай-ақ Болгарка, Қарабұлақ және Бесқоспа ауылдарындағы жол желісін жаңғырту жұмыстары бар.
2025 жылы ауданда жалпы ұзындығы 58,2 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 77,1 пайызды құрады.
«Сапалы жолдар – тұрғындардың жайлылығы ғана емес, сонымен қатар экономиканы дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға негіз. Жоспарланған барлық жоба белгіленген мерзімде және сапа талаптарын толық сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс. Бұл халықтың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді», – деді облыс әкімі.