Жыр сөйлейді жүрекпен»: Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығына арналған аудандық байқау өтті

Жыр сөйлейді жүрекпен»: Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығына арналған аудандық байқау өтті

Аудандық орталық кітапхана мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен ақын, драматург, сазгер Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойына орай «Жыр сөйлейді жүрекпен» атты аудандық байқау жоғары деңгейде өткізілді.

Байқаудың басты мақсаты – ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, оның тағылымды туындылары арқылы жас ұрпақтың рухани әлемін байыту, көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және сөз өнерін қадірлеуге тәрбиелеу болды.

Аталған байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар ақынның бір өлеңін жатқа мәнерлеп оқыса, екінші кезеңде оның сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіріп орындады. Ал үшінші кезеңде ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақ-жауап сайысы өткізілді.

Байқауға аудан көлемінен 20 жастан асқан жырсүйер оқырмандар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Қатысушылар ақын өлеңдерін тебіреніспен жеткізіп, көрермен жүрегіне жол таба білді. Сонымен қатар, ақын сөзіне жазылған әндерді орындау арқылы көпшілікке ерекше әсер сыйлап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сұрақ-жауап кезеңінде де қатысушылар білімдерін танытып, мазмұнды жауаптарымен ерекшеленді.

Шара барысында қатысушылар шығармашылық белсенділік танытып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Байқау соңында үздік өнер иелері марапатталып, алғыс хаттар мен дипломдар табысталды.

Байқау қатысушыларға зор рухани әсер сыйлап, қазақ әдебиетіне деген қызығушылықты арттыра түсті.

Жеңімпаздар:
Бас жүлде – Түйешова Айдана (Бестамақ ауылы)
І орын – Алпысбаев Батырхан (Есет батыр ауылы)
ІІ орын – Нарекова Лаура (Маржанбұлақ ауылы), Сатыбалдина Әлия (Алға қаласы)
ІІІ орын – Жаманова Роза (Самбай ауылы), Қазтөре Жанбота (Алға қаласы), Бүркітбаева Гүлназ (Қарақұдық ауылы)