
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен жиында мамыр айындағы мерекелік іс-шараларға дайындық және өткізу мәселесі қаралды.
Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні, Ақтөбе қаласының күні, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қалай атап өтілетінін баяндады.
Іс-шараларды өткізу үшін кешенді жоспар бекітіліп, дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Барлық шара тек мерекелік көңіл-күй қалыптастыруға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық бірлікті нығайтуға, тарихи жадты сақтауға және өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеуге бағытталған.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні облыстың елді мекендерінде атап өтіледі. Негізгі іс-шара «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы маңында өтетін «Бірлікте біздің күш» мәдени-көпшілік бағдарламасы болмақ. Мереке аясында концерттер ұйымдастырылып, этномәдени бірлестіктер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысады.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Негізгі іс-шаралар 6 мамырда Өнер орталығында өтеді. Мұнда «Ел қорғаны – ерлік рухы» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, қала алаңдарында концерттер өтіп, ел дамуына үлес қосқан және патриотизм танытқан азаматтарды марапаттау рәсімдері болады.
9 мамыр – Жеңіс күні дәстүрлі түрде Ұлы Отан соғысы батырларының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюмен басталады. Сондай-ақ еске алу және патриоттық акциялар, ардагерлермен кездесулер өтеді. Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға біржолғы төлемдер қарастырылған.
28 мамыр – Ақтөбе қаласының күніне айырықша назар аударылады. 18–28 мамыр аралығында өтетін онкүндік бағдарлама аясында 11-шағынаудандағы Орталық саябақта «Bala fest Aqtobe» балаларға арналған ойын-сауық шарасы, «Aqtobe dance» би фестивалі, триатлон саябағында жастар кеші, әдеби-музыкалық кештер және «Ақтөбе дауысы» жас орындаушылар байқауының финалы өтеді. Сонымен қатар өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған «Тары-fest» гастрономиялық фестивалі ұйымдастырылады.
28 мамыр күні кешкі сағат 18:00-ден бастап қаланың бес алаңында – Арбат алаңы, Қалалық мәдениет үйінде, Авиатор саябағында, Денсаулық саябағында және Есет батыр шағынауданында «Асқақтай бер, Ақтөбем!» атты жергілікті өнерпаздардың концерттері өтеді. Ал сағат 20:00-де «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алдындағы алаңда эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады.
Мамыр айындағы іс-шаралар 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнімен аяқталады. Бұл күні Түйетөбеде, 1930–1950 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалда, сондай-ақ «Азаттықтың ақ таңы» тарихи кешенінде және ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіште гүл шоқтарын қою рәсімдері өтеді.
Облыс әкімі іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырудың және олардың тәрбиелік мәнін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Барлық мерекелер жоғары деңгейде өтуі тиіс. Оларды жастардың тарихқа деген құрметін, патриотизмін және ел болашағына деген жауапкершілігін қалыптастыратын мазмұнмен толықтыру маңызды», – деді Асхат Шахаров.
Осы күндері қауіпсіздік мәселесі қатаң бақылауда болмақ.