
Алға қаласының орталық саябағында «Ұлттық кітап күніне» арналған мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қазіргі таңда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қарқынды дамыған заманда кітап оқудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Кітап — білім мен ғылымның, инновациялық дамудың негізгі тірегі ғана емес, адамзаттың рухани байлығын арттыратын құнды құрал екені айтылды.
Шара барысында балалар атақты жазушылар мен ақындардың шығармаларынан үзінділерді мәнерлеп оқып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар, аудандық кітапханада Кітапханашылар күніне арналған мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин қатысып, кітапхана қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы маңызды еңбегіне ерекше тоқталды.
Мерекелік кеш барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, кітапханашылар дайындаған әсерлі қойылым ұсынылып, рухани мазмұны терең бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.
Шара барысында ардагер кітапханашыларға ерекше құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары мен сый-сияпаттар табысталды. Кеш соңында оқырмандар мен қонақтар кітапхана қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.