
Алға ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған қолданыстағы және жаңа мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өтті.
Кеңеске облыстық басқармалар басшылары, қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ ауданның шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты — мемлекеттік қолдау бағдарламаларының артықшылықтарын түсіндіру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын дамыту мен аграрлық сектор қызметінің тиімділігін арттыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылау болды.
Жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев салада атқарылып жатқан жұмыстар мен іске асырылып жатқан жобалар туралы баяндап, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін мемлекеттік қолдаудың жаңа мүмкіндіктеріне ерекше тоқталды.
Қаржы институттарының өкілдері жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларына қатысу шарттары, субсидиялау тетіктері және аграрларды қолдаудың өзге де қаржылық шаралары туралы жан-жақты түсіндірді.
Сонымен қатар, салалық мамандар ветеринария, жер қатынастары, су ресурстары және ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу соңында шаруа қожалықтарының басшылары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, тиісті мемлекеттік органдар мен салалық мамандардан нақты жауаптар алды.