Алғалық оқушы халықаралық ғылыми конкурстың жеңімпазы атанды

Алғалық оқушы халықаралық ғылыми конкурстың жеңімпазы атанды

2026 жылғы 16-17 сәуір күндері Астана қаласында Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсы өтті. 11(12)-сынып оқушыларына арналған бұл беделді білім додасына Қазақстанмен қатар Тайланд, Түркия және Қытай мемлекеттерінен барлығы 121 оқушы қатысып, 4 бағыт бойынша 88 жоба қорғалды.

Аталған халықаралық байқауда Ақтөбе облысының намысын 6 оқушы қорғады. Солардың қатарында №4 Алға орта мектебінің 11-сынып оқушысы Ақжігітов Нұртілек Абайұлы өз ғылыми жобасын жоғары деңгейде қорғап шығып, жүлделі І орынды иеленді.

Бұл жеңіс – жас талапкер мен оның жетекшісі Ибраева Назгүл Арғымбекқызының білімге деген құштарлығы мен табанды еңбегінің жемісі.

Ақжігітов Нұртілекті жарқын жеңісімен құттықтаймыз! Ал Ибраева Назгүлге шығармашылық табыс тілеп, талантты шәкірттеріңіз көп болсын дегіміз келеді.

Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ғылым жолында үлкен жетістіктерге жете беріңіздер!