
Ақтөбеге Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Рымбаева келіп, қала тұрғындарына концерттік кеш сыйлады. Әнші Ақтөбеде «Сахнада – 50 жыл» атты мерейтойлық концертінде өзінің репертуарындағы халыққа кеңінен танымал бірнеше әнін орындады.
Ақтөбелік көрермендер өнер иесін зор қошеметпен қарсы алды. Тыңдарман әндерді қосыла шырқады. Әсіресе әнші орындаған әйгілі «Әлия» әні залға жиналған жұрттың жүрегін толқытты. Қалың көрермен бұл туынды шырқалған сәтте орындарынан тік тұрып, құрмет көрсетті.
«Батырлар мекені - Ақтөбе өңірі өсіп-өркендей берсін», - деп Халық әртісі тілегін білдірді.
Кеш барысында өнер иесін қолдап, ұлдары – Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев та сахнаға шығып, ән шырқады. Анасы мен ұлдарының бірге өнер көрсетуі кештің көркін ашты.
Концерт соңында әншіге Ақтөбе облысы әкімінің ықылас гүлі табысталды. Өңір басшысы Асхат Шахаровтың құттықтау хатын оның орынбасары Ғалымжан Елеуов оқып беріп, аймақ жұртшылығы атынан алғыс білдірді. Көрермендер де өнер иесін ұзақ қол соғып, ерекше құрметпен шығарып салды.