Өңір басшысы Асхат Шахаровтың 1 наурыз - Алғыс айту күніне арналған құттықтауы

Өңір басшысы Асхат Шахаровтың 1 наурыз - Алғыс айту күніне арналған құттықтауы

Біз кейде күнделікті тіршіліктің қарбаласында нағыз батырларды байқамай жатамыз. Ал шын мәнінде олар – арамызда. Таңмен таласа мектепке асыққан ұстаз, түн тыныштығын күзеткен тәртіп сақшысы, тілсіз жаумен арпалысқан құтқарушы, адам жанына араша түскен дәрігер, өндірісте, егістікте, құрылыс алаңында маңдай терін төккен қарапайым еңбек адамы. Осылардың әрқайсысы – елдің тірегі, қоғамның сүйеніші.

Қазақ «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейді. Сіздердің адал еңбектеріңіз – өңіріміздің өркендеуі мен қоғамымыздың тұрақтылығының берік іргетасы. Сіздер барда елдің еңсесі биік, болашағы нық.

Ризашылық – жүректен шыққан жылы сөз ғана емес, ол – бірліктің бастауы. Ризашылық бар жерде – береке бар. Құрмет бар жерде – ынтымақ бар. Ал ынтымағы жарасқан елдің алар асуы әрқашан биік.

Көктем – жаңару мен жаңғырудың мезгілі. Биылғы көктем еліміз үшін маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. 15 наурызда жаңа Ата Заң жобасын қабылдау жөніндегі жалпыхалықтық референдум өтеді. Бұл – болашаққа бейжай қарамайтын, мемлекетіміздің ертеңін ойлайтын әрқайсымыз үшін жауапты таңдау. Ауызбіршілік пен парасаттылық танытып, ұлт мүддесі жолында дұрыс шешім қабылдаймыз деп сенемін.

Бүгін - бірлігіміздің мерекесі. Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа амандық, әр отбасына бақ-береке тілеймін. Ел мүддесі үшін бір болғанымыз үшін Сіздерге алғыс айтамын!