
Құрметті ақтөбеліктер!
Ардақты ағайын!
Біз, міне, 2025 жылды облысымыз үшін табысты әрі берекелі нәтижелермен қорытындылап отырмыз. Бұл жыл – нақты істер, жүйелі жұмыс және халық сенімін нығайтқан берекелі жыл болды.
Өңір экономикасының өсімі 103,8 пайызды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инвестиция тартудың жаңа тетіктері іске қосылды. Биыл жаңа 10 ірі жоба іске қосылды. Инвесторлар үшін «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы мен «Хромтау» индустриялық аймағы құрылды. AQTOBE INVESTMENT FORUM 2025 аясында 448 млрд теңгеге 17 құжатқа қол қойылды.
Ауыл шаруашылығына 16,8 млрд теңге субсидия бөлініп, 400 млрд теңгеден астам өнім өндірілді. Мал басы орта есеппен 7 пайызға өсті. «Ауыл аманаты» арқылы 16,9 млрд теңгеге жуық 3 мың жоба қаржыландырылды.
Биыл жол саласына 118,8 млрд теңге бағытталып, 591 шақырым жол жаңартылды. «Ақтөбе – Ұлғайсын» жобасының алғашқы бөлігі пайдалануға беріліп, «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» автожолындағы жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Бір жылдың ішінде 31 ауылға көгілдір отын келді, бұл - облыс халқының 97 пайызы. Ауыз сумен қамту деңгейі 99,9 пайызға жетті.
Білім саласында 18 жаңа мектеп, 33 балабақша ашылып, қамту деңгейі айтарлықтай артты. Ауыл мектептерінің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын тапты.
Денсаулық сақтау саласында ауылдық жерлерде 29 медициналық нысан пайдалануға беріліп, 17 мыңға жуық тұрғын сапалы қызметке қол жеткізді.
Биыл баспана кезегінде тұрған 437 отбасы қоныстойын тойлады.. 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту шараларымен 54 мыңнан астам азамат қамтылды.
Қол жеткізген жетістіктеріміз - өңір халқының ауызбіршілігі мен қажырлы еңбегінің жемісі. Сіздердің қолдауларыңыз бен сенімдеріңіз бізге үлкен жауапкершілік жүктейді.
Алдағы 2026 жыл – басталған ірі жобаларды толық аяқтап, нақты нәтижелерге қол жеткізетін кезең болады деп сенемін. Біздің басты мақсатымыз – әрбір ақтөбеліктің өмір сапасын жақсарту, өңірімізді одан әрі өркендету.
Жаңа жыл құтты болсын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге береке тілеймін.
Елдігіміз еңселі, жұртымыз тыныш, еліміз аман болсын!