
Ақтөбеде өткен халықаралық инвестициялық форум өңірдің жаңа инвестициялық кезеңге нық қадам жасағанын айқындады. Әлемнің 20-дан астам елінен келген өкілдер қатысқан ауқымды шарада облыстың инвестициялық әлеуеті таныстырылып, өңірдің даму мүмкіндіктері жоғары бағаланды.
Форум нәтижесінде жалпы құны жарты триллион теңгеге жуық жаңа жобаларды іске асыруға жол ашатын құжаттарға қол қойылды. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Берлешұлы әлеуетті инвесторлармен бірқатар маңызды келісімдер жасасты. Олардың ішінде Алға ауданы үшін ерекше маңызға ие екі ірі жоба ресми түрде жарияланды:
Канада мемлекетінің Condor Energy компаниясы жүзеге асыратын табиғи газды сұйытылған газға айналдыру зауыты;
Терра компаниясының заманауи төсемтас (тротуар плиткасы) өндіретін өндіріс орны.
Жалпы құны 80 млрд теңгені құрайтын бұл жобалар іске асқан жағдайда, Алға ауданында 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, салық түсімі айтарлықтай артады деп күтілуде. Қазіргі уақытта алғашқы құжаттар рәсімделіп, жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жұмыстары басталып кетті.
Бұл бастамалар – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жариялаған «Жаңа инвестициялық кезеңнің» нақты көрінісі. Мемлекет басшысы шетелдік және халықаралық инвесторларды тек шикізат саласына ғана емес, сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі, жоғары технологиялар және цифрлық бағыттарға тартудың маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Сондай-ақ ауылдық өңірлерді дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру инвестициялық саясаттың негізгі мақсаттары ретінде белгіленген.
Осы бағытта инвесторларға жасалатын жеңілдіктер кеңейіп, қолайлы жағдай қалыптастыру, бюрократиялық кедергілерді азайту және инвестициялық үдерістерді тиімді ету бойынша жұмыстар күшейіп келеді.
Ақтөбеде өткен форум – жаңа инвестициялық кезеңнің нақты бастамасы әрі өңірдің болашақ экономикалық серпінінің жарқын дәлелі.