Аудан әкімі Бесқоспа және Тоқмансай ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесті

Аудан әкімі Бесқоспа және Тоқмансай ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесті

Аудан әкімі Асланбек Шуиншалиев Бесқоспа және Тоқмансай ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуге ауданның бірқатар бөлім басшылары мен жауапты мекеме өкілдері қатысты.

Кездесу алдымен Есет Батыр Көкіұлы ауылында өтті. Биыл бұл ауылда Е. Дмитриенко және Н. Кортюков көшелерінің автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ауыл ортасын жалғап тұрған Шолақ өзенінен өтетін жаңа көпірдің құрылысы аяқталды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Көтерілген мәселелердің бірқатарына сол мезетте жауап берілді, ал жүйелі шешімді қажет ететін сұрақтар бақылауға алынды.

Жиыннан кейін аудан басшысы ауыл тұрғындарын жеке қабылдап, олардың жеке мәселелерін тыңдады. Әрбір өтінішке назар аударылып, тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берілді.

Кездесу Тоқмансай және Қайнар ауылдарында жалғасын тапты.

Биыл Қайнар ауылында ұзындығы 2 шақырымды құрайтын 6 көшеге асфальт төселді. Сондай-ақ Қайнар – Есет Батыр бағытындағы ауданаралық жолдың 26,6 шақырымы жөнделіп, асфальтталды.

Тұрғындарға алдағы жылдары Тоқмансай ауылында жаңа типтік мектеп салу жоспарланып отырғаны хабарланды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары Тоқмансай ауылындағы көшелерге қиыршық тас (шебень) төсеу мәселесін көтерді. Аудан әкімі бұл ұсыныстарды назарға алып, тиісті мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.