
Өнер орталығында халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған «Мейірім. Парыз. Қызмет» атты салтанатты шара өтті.
Сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтап, әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі қоғамдағы ең маңызды әрі ізгілікті еңбек екенін атап өтті.
«Сіздер күн сайын қолдауға, қамқорлыққа және көңіл бөлуге мұқтаж жандардың жанынан табыласыздар. Сіздердің еңбектеріңіз кәсіби шеберлікті ғана емес, сондай-ақ мейірімділік, сабырлық пен жүрек жылуын талап етеді. Бүгінде облыстың әлеуметтік қорғау жүйесінде екі мыңнан астам маман еңбек етуде. Олар халыққа жұмысқа орналасуға, өз ісін ашуға, білім алуға қолғабыс етіп жүр. Әлеуметтік саланы цифрландыру – тиімді құралдардың бірі. Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға жедел көмек көрсету үшін іске қосылған FSM «Social» мобильді қосымшасы арқылы 12 мыңнан астам адам құқықтық, әлеуметтік және психологиялық қолдау алды. Барлық күш-жігеріміз көмекке мұқтаж әр азаматтың қажетті қолдауды алуына бағытталған», – деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік саясатты оңтайландыру, біріздендіру және цифрландыру жөніндегі тапсырмаларының өңірде орындалып жатқанын жеткізді. Бұл жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі – отбасылардың әл-ауқатын бағалау үшін скорингтік жүйе енгізу. Аталған көмекке ең мұқтаж азаматтарды нақты анықтауға және мемлекеттік қолдауды неғұрлым әділ әрі нысаналы етуге мүмкіндік береді.
Салтанатты жиын барысында әлеуметтік сала үздіктері марапатталды. Өңірдің 12 әлеуметтік қызметкері көпжылдық еңбегі мен мамандығына адалдығы үшін мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ие болды.
ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет» ордені сала ардагері Құрания Аймағанбетовке, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасы Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының Ақтөбе облыстық филиалының әлеуметтік педагогі Арай Сәдуақасоваға, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің облыстық департаменті бөлімінің басшысы Жаңыл Аймұхамбетоваға, Қобда аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері Гүлшат Ешмұхановаға және Қарғалы аудандық орталықтың қызметкері Сайлан Юсуповаға табысталды.
Сонымен қатар, бірқатар маман Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сала ардагерлеріне «Еңбек ардагері» және «Ақтөбе өңіріне сіңірген еңбегі үшін» медальдері берілді.
Сондай-ақ, Жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылған «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері мен үздік әлеуметтік жобасы» және «Еңбек жолы» республикалық байқауларының облыстық кезеңдерінің жеңімпаздары марапатталды.
Облыстың алты арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жоғары көрсеткіштері мен бастамашыл жобалары үшін 3 млн теңге көлемінде сыйақы алды.
Мерекелік шара өңірдің шығармашылық ұжымдарының концертімен жалғасты. Сахнада ұлттық және эстрадалық әндер шырқалып, ансамбльдер мен хорлар өнер көрсетті. Көрермендер жас әнші Рахман Сатиевтің орындауын ерекше ықыласпен қабылдады.
Айта кетейік, Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні дәстүрлі түрде қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Бұл – әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсетіп, жұмыспен қамту мен қолдауды қамтамасыз ететін, мемлекет қамқорлығына ерекше мұқтаж жандарға қызмет ететін адамдардың кәсіби мерекесі.
Бүгінде Ақтөбе облысының әлеуметтік қорғау жүйесінде екі мыңнан астам маман еңбек етеді, олардың еңбегі шын жүректен құрмет пен алғысқа лайық.
Дереккөз: Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми сайты