Неміс кәсіпкерлері Ақтөбе облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытуда

Неміс кәсіпкерлері Ақтөбе облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытуда

Облыс әкімі Асхат Шахаров Қазақстандағы Германия Елшілігінің тұрақты орынбасары Ульрих Кинне бастаған экономикалық делегациямен кездесті.

Қонақтарды қарсы алған Асхат Шахаровтың сөзінше, Қазақстан мен Германия арасындағы қатынастардың стратегиялық маңызға ие.

«Қазақстан мен Германияны саясат, мәдениет және экономиканы қамтитын көпжылдық ынтымақтастық байланыстырады. Германия – Еуропадағы еліміздің негізгі серіктестерінің бірі, ал өзара сауда мен инвестициялар көлемі жыл сайын артып келеді», – деді өңір басшысы.

Мәселен, 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында Ақтөбе облысының Германиямен сыртқы сауда айналымы 40 млн АҚШ долларына жуықтап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 млн долларға өсті. Соның ішінде экспорт 5,8 млн долларға артса, импорт 3 млн долларға азайды.

Асхат Шахаров атап өткендей, Siemens, Volkswagen, BASF, MAN, Linde секілді неміс компаниялары Қазақстан экономикасының дамуына қомақты үлес қосуда. Олар озық технологияларды енгізіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, өнеркәсіп, энергетика, экология және сумен жабдықтау салаларында жобаларды қолдап келеді. 

Аймақ басшысы неміс делегациясының бұл сапары екіжақты байланыстарды дамытудың жаңа кезеңіне айналарына сенім білдірді.

«Біз әртүрлі салаларда бірлескен жұмыс үшін зор әлеуетті көріп отырмыз және екі ел мен халыққа пайда әкелетін жаңа жобаларға дайынбыз», – деді ол.

Өз кезегінде Қазақстандағы Германия Елшілігінің тұрақты орынбасары Ульрих Кинне неміс тарапынан ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

«Ақтөбе облысы үлкен өнеркәсіптік және инвестициялық әлеуетке ие, біз неміс компанияларының серіктестігі кеңейетініне сенімдіміз. Өңірді жаңа жобалар үшін сенімді алаң ретінде қарастырамыз», – деді Ульрих Кинне.

Қос тараптың кездесуіне Қазақстанда жұмыс істейтін неміс компанияларының өкілдері де қатысты. Әрқайсысы айналысатын бизнестерінің бағыттары бойынша мәлімет берді. 

Басқосу қорытындысында тараптар өнеркәсіп, экология, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін атап өтіп, әріптестік байланыстарды кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.

Екікүндік сапар барысында делегация өңірдің жетекші өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметімен танысты: «Қазхром» ТҰК» АҚ, «ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС, «СНПС-АМГ» АҚ, «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС. Ал бағдарламаның екінші күнінде меймандар ЕҚДБ жобасы аясында жүзеге асырылған кәріз-тазарту нысандарын аралап, «Aqtobe su-energy group» АҚ басшылығымен кездеспек. Сондай-ақ Хромтауда Schachtbau компаниясы мен «Жаңа-Әлжан ұн комбинаты» ЖШС өкілдерімен келіссөздер жоспарланған.