«Retro night: Армандастар әні» – 80-90 жылдарға музыкалық саяхат

«Retro night: Армандастар әні» – 80-90 жылдарға музыкалық саяхат

Алға аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Retro night: Армандастар әні» атты мәдени шара ерекше көңіл-күй сыйлады. Іс-шараның негізгі мақсаты – 1980-1990 жылдар аралығындағы музыкалық мұраны қайта жаңғырту, сол дәуірдің рухын қазіргі ұрпаққа жеткізу болды.

Кеш барысында қатысушылар жанды караоке форматында танымал ретро әндерді орындап, көрермендермен бірге естелікке толы әуендерді шырқады. «Армандастар», «Сағыныш», «Қайран күндер» секілді халық арасында кеңінен танылған әндер жүрекке жылы тиіп, тыңдаушыларды өткен шаққа жетеледі.

Шара аясында ұйымдастырылған би кеші мен сол кезеңге сай безендірілген алаң мерекелік атмосфераны айшықтап, түрлі буын өкілдерін бір алаңда тоғыстырды.

«Retro night» кеші – тек музыкалық кеш қана емес, сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығын арттыруға, мәдени естеліктер мен рухани мұраны жаңғыртуға бағытталған мәнді іс-шара болды. Кешке қатысушылар көтеріңкі көңіл-күймен тарқап, ерекше әсер алды.