Ақтөбеде су шаруашылығы саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды

Ақтөбеде су шаруашылығы саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды

Бүгін су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров сала үздіктеріне мемлекеттік наградалар табыстады.

Өңір басшысы құттықтау сөзінде су қауіпсіздігі мен халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – ел үшін стратегиялық маңызды бағыт екенін атап өтті. Бүгінде елімізде су инфрақұрылымын жаңғыртуға айырықша көңіл бөлініп отырғанын және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты. Салада еңбек етіп жүрген мамандарға алғысын білдірді.

«Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында Ақтөбе қаласы мен облыс тұрғындары сенімді су және жылумен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл – 2300-ден астам маманның тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, су мәселесі – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында болады», – деді облыс әкімі.

Биыл Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» мемлекеттік наградасына «Aqtobe su-energy group» мекемесінің екі қызметкері лайық деп танылған. 

Соның бірі – ұзақ жылдар бойы су шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан Айбек Әлжанов. Оның еңбек жолы 1994 жылдан басталған. Әр жылдары газ және электр дәнекерлеуші ретінде түрлі өндіріс орындарында жұмыс істеген. 2008 жылдан бері «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамында қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда тәжірибелі маман өз ісіне деген жауапкершілігі және тәртіпке беріктігімен ауызсу жүйелеріндегі апатты жағдайларды жоюда белсенділік танытып жүр.

Наградталған екінші маман – Жекен Тоқтамысов. 1998 жылдан бері «Aqtobe su-energy group» АҚ-да Карғалы учаскесінің кезекші слесарі болып қызмет атқарады. Көпжылдық адал еңбегі, уақытылы және жұмысты сапалы орындағаны үшін ұжымда үлкен құрметке ие.

Сондай-ақ, шара барысында «Облысқа сіңірген үшін» төсбелгісімен «ҚазСуШар» РМК» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Ринат Шауенов марапатталды.