Zhongbo Group компаниясы Ақтөбе облысында жаңартылатын энергетиканы дамытуға инвестиция салу мүмкіндіктерін қарастыруда

Zhongbo Group компаниясы Ақтөбе облысында жаңартылатын энергетиканы дамытуға инвестиция салу мүмкіндіктерін қарастыруда

Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайту және қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру аясында облыс әкімі Асхат Шахаров Zhongbo Group қытайлық компанияның директорлар кеңесінің төрайымы Янцзинь Чжома бастаған делегациямен кездесу өткізді.

Кездесу барысында өңір басшысы Қытаймен өзара әрекеттестік тату көршілік, стратегиялық сенім мен тиімді ынтымақтастық негізінде құрылғанын атап өтті. Ол Ақтөбе облысы айтарлықтай инвестициялық, өндірістік және логистикалық әлеуетке ие екенін, бұл өңірді бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін тартымды алаңға айналдыратынын айтты.

«Ақтөбе облысы үлкен экономикалық және стратегиялық йәлеуетке ие. Біздің өңірде бай пайдалы қазбалар қоры шоғырланған, бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалған, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы өтеді. Сіздердің өңіріміздегі жобаларға қызығушылық танытып отырғандарыңызды жоғары бағалаймыз және олардың сәтті жүзеге асырылуы үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Асхат Шахаров.

Zhongbo Group – жаңартылатын энергетика саласындағы Қытайдың ең ірі инвесторларының бірі. Осы жылдың сәуір айында Қазақстан делегациясының Қытайға сапары аясында компания басшылығымен келіссөздер жүргізіліп, Ақтөбе облысының әкімдігі мен Zhongbo Group арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатта «жасыл» энергетика, агроөнеркәсіп кешені, өңдеу өнеркәсібі және басқа да әлеуметтік маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық көзделген.

Янцзинь Чжома ханымның айтуынша, компания әлемнің 10-нан астам елінде ірі жобаларды іске асыруда. Zhongbo Group күн және жел энергетикасы, құрылыс, логистика және қорғаныс өнеркәсібі салаларын белсенді дамытып келеді. ЖЭК саласындағы инвестиция көлемі 3,6 млрд АҚШ долларынан асты. Компания Қазақстанға заманауи технологиялар, инвестициялар және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы халықаралық тәжірибені алып келуге әзір. 

Кездесу барысында тараптар Ақтөбе облысында қуаттылығы 1000 МВт-қа дейінгі экологиялық таза электр энергиясын өндіретін жоғары технологиялық өндіріс құру ниеттерін растады және ілеспе салаларда ынтымақтастықты дамытуға ынталы.  

Асхат Шахаровтың сөзінше, облыс әкімдігі инвестициялық бастамаларды іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Ол бұл әріптестік өңірдің тұрақты дамуына және Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі нығаюына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.