
Кездесу барысында әкім ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен баяндап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты алдағы жоспарлармен бөлісті. Сонымен қатар, тұрғындарды толғандыратын мәселелерді шешу жолдары да талқыланды.
Самбай ауылында өткен кездесуде жергілікті тұрғындар мал жаюға арналған жайылымдық жердің тапшылығы, интернет желісінің әлсіздігі мен байланыс сапасының төмендігі сияқты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді көтерді. Бұл проблемалар ауыл халқының күнделікті өміріне тікелей әсер ететінін айтып, тиісті шаралар қабылдануын сұрады.
Нұрбұлақ ауылында өткен жиында тұрғындар ауылішілік жолдарды асфальттау қажеттігін және Ақтөбе қаласына апаратын төте жолдың тегістелуін қамтамасыз ету керектігін атап өтті. Бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылса, тұрғындардың қатынауына едәуір жеңілдік туатынын жеткізді.
Кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар мен өтініштер назарға алынып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.