16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні!

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні!

16 наурыз күні Үшқұдық ауылында Наурызнама мерекесі аясында Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні ерекше мазмұнда атап өтілді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Оразбаевтар әулетінің шаңырағында тағылымы мол, тәрбиелік мәні жоғары салт-дәстүрлер көрсетілді.

Іс-шара барысында қазақ халқының көнеден келе жатқан әдемі әрі мәні терең дәстүрлері – бесік салу және тұсау кесер рәсімдері көпшілікке ұсынылды. Бұл дәстүрлер ата-бабамыздан қалған асыл мұра ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тәрбиелік мәні зор ғұрыптардың бірі болып саналады.

Бесік салу рәсімі – қазақ халқы үшін ерекше қадірлі салт. Жаңа туған сәбиді бесікке бөлеу – оның өмір жолының жарқын, дені сау, тәрбиелі болып өсуіне деген ақ тілектермен жасалатын игі дәстүр. Шара барысында үлкен әжелер мен аналар бесіктің қасиеті мен оның бала тәрбиесіндегі маңызы туралы айтып, жиналған қауымға бесікке салу рәсімін көрсетіп берді.

Сонымен қатар, шарада баланың өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі саналатын тұсау кесер дәстүрі де сахналанды. Тұсау кесу – баланың қадамы нық, жолы ашық, өмірі берекелі болсын деген ниетпен жасалатын игі рәсім. Ақсақалдар мен көпшілік жиналған қауым сәбиге ақ батасын беріп, оның болашағына ізгі тілектерін арнады.

Мерекелік шара ұлттық нақышта безендіріліп, қонақтарға қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының терең мағынасы түсіндірілді. Ауыл тұрғындары мен жастар бұл игі бастаманы ерекше ықыласпен қабылдап, ұлттық мәдениетіміздің құндылығын тағы бір мәрте сезінді.

Осындай тағылымды шаралар өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбиені дәріптеп, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлерді ұмытпай, оны болашаққа жеткізуге үлкен үлес қосады.

https://www.instagram.com/reel/DV8irP6jL8c/?

https://www.facebook.com/share/r/189pxZnuVB/?mibextid=wwXIfr