Зауыт Ақтөбе облысы мен әлемдегі ең ірі цемент өндірушілердің бірі West China Cement компаниясымен бірлесіп жүзеге асуда.
Салынып жатқан жері - Алға ауданының аумағы. Кәсіпорын жылына 2 миллион тонна цемент өндіруге қауқарлы. Жобаның жалпы құны 120 миллиард теңге. Нысан құрылысы 2026 жылдың соңына қарай аяқталады деп жоспарланған.
Бүгінде жобаға 1000-ға жуық жұмысшы тартылыпты. Қазіргі уақытта инженерлік желілерді тарту және қызметкерлерге арналған жатақхана құрылысы жүргізілуде. Ал зауыт іске қосылғанда, кәсіпорында 500 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі Асхат Шахаров Алға ауданына жұмыс сапарында аталған жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. «Aktobe Cem» ЖШС-ге қарасты цемент зауыты - Ақтөбе облысы мен ҚХР арасындағы байланысты нығайта түспек.
Облыс әкімінің айтуынша, жоба құрылысы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, инфрақұрылымды дамытуға және өңірге қосымша инвестициялар тартуға серпін береді.