Алға қаласында "Ел іші- өнер кеніші" атты ауыл күні жоғары деңгейде аталып өтті.
Тоқмансай ауылдық округінің күндері аясында қала, ауылдық округ командалары арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды. Сонымен қатар, спорт сүйер қауым ұлттық ойынның бес тас, қой көтеру, 25 кг шекер көтеру, гір көтеру, садақ ату, т.б. түрлерінен бақ сынады.
Нәтижесінде, қатысушылар арасынан шыққан командалар мен жеңімпаздар марапатталып, қаржылай және естелік сыйлықтарды иеленді.
Ойыннан бөлек ауыл өнерпаздары ән айтып, биден шашу шашты. Ақын І.Мәмбетов пен М.Мақатаевтың шығармалары мәнерлеп оқылып, әндері шырқалды. Ауыл аманаты бағдарламасы өнімдерінен жәрмеңке, ауылдан дәм ретінде таратылған бауырсақ, құрт және ет тағамы болды. Сонымен қатар ұмыт болған тағамдар көрмесі ұйымдастырылды.
Орталық саябақтың безендірілу барысы ерекше болды. Нағыз ауыл көрінісін сомдаған көрнекілікте сиыр, жылқы, тазы иттер әкелініп, ат арбаға тиелген шөптер қойылды. Одан бөлек киіз үйдің көрінісі қойылып, іші ұлттық бұйымдарға толтырылды. Кішкентай қонақтарымызға арнайы ойын алаңы ұйымдастырылды.
Белсенді аналар тарының дайындалу барысы мен сүттен қаймақ тартып, сары май мен құрттың дайындалу барысын көрсетті.
Жалпы, концерттік бағдарламада ауыл тұрғындарының барлық санаттары қамтылды. Үлкендерден бастап жастар, үй шаруашылығындағы аналар, мектеп, балабақша қызметкерлері мен зейнеткерлер, балабақша тәрбиеленушілері мен жұмысшылар, барлығы бірлесе көрерменнің көңілінен шыға білді.