
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Алға ауданына барып, Үшқұдық ауылының тұрғындарымен кездесті.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, ауыл ақсақалдары, қоғам белсенділері, жастар және түрлі сала өкілдері қатысты. Басқосу ашық пікір алмасу форматында өтіп, елдің қоғамдық-саяси дамуы мен маңызды мемлекеттік бастамалар кеңінен айтылды.
Кездесу барысында елдегі қоғамдық-саяси өзгерістер, алдағы республикалық референдум, сондай-ақ мемлекет дамуының басым бағыттары жөнінде сөз қозғалды. Мәлік Отарбаев қазіргі кезеңде қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау, азаматтық жауапкершілікті арттыру және ел тағдырына қатысты маңызды саяси науқандарға халықтың белсенді қатысуы ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Сонымен қатар, жиында тұрғындар өз пікірлерін білдіріп, ел дамуы, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы және жастардың болашағына қатысты ойларын ортаға салды. Мұндай кездесулер билік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтып, қоғамдағы өзара түсіністік пен сенімді арттыруға ықпал ететіні айтылды.