Ақтөбе облысында 2026 жылы 8 мектеп қайта жаңартудан өтеді

Ақтөбе облысында 2026 жылы 8 мектеп қайта жаңартудан өтеді

Атап айтқанда, Ақтөбедегі №5, №17, №22 және №37 мектептері толықтай қайта жөнделіп, құрал-жабдықтары заман талабына сай жаңарады.

 Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Аймақта жаңа мектептер салу, сондай-ақ ескі ғимараттарда орналасқан білім беру ұйымдарын кезең-кезеңімен реновациялау бағытындағы жобалар қолға алынған.

 Қазіргі таңда бірқатар мектептерге күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Бұл шаралар үш ауысымды оқытуды жоюға, апатты жағдайдағы білім ордаларын алмастыруға және оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған.

 Тозығы жеткен мектептерді жаңарту жұмыстары 2026 жылы да жалғасады. Реновация бағдарламасы аясында облыстағы сегіз білім беру мекемесі, атап айтқанда №5, 17, 22 және 37 мектептері, сондай-ақ Әйтеке би, Байғанин, Темір және Шалқар аудандарындағы мектеп ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.