«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына өңірдің 112 мыңнан астам тұрғыны мен 2,6 мыңнан астам ұйым және кәсіпорын қатысты. Экожобаның жүзеге асырылу барысы аймақ басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісі кезінде талқыланды. Облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов өз сөзінде, акция аясында 39 мыңға жуық аула тазартылып, мыңнан астам әлеуметтік нысан мен 260-қа жуық саябақ және скверлер абаттандырылғанын хабарлады. Сондай-ақ, 117 су айдыны мен 40 шақырымнан астам арық жағалауы тазартылды. Әсіресе халықаралық құстар күні аясында өткен шараларға мектеп оқушыларының белсенді қатысқаны ерекше атап өтілді. Олар саябақтар мен қала көшелерінің бойында орналасқан тал-теректерге 1000-нан астам құсқа арналған ұя орнатты. Облыс әкімі мұндай экологиялық бастамаларға мүмкіндігінше өңір тұрғындарын көп тартудың маңызды екенін тілге тиек етті. «Таза Қазақстан» акциясы – бұл бір реттік тазалау ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың кешенді жүйелі тәсілі. Қоршаған ортаға деген тәртіп пен тазалықты әр адам өзінің жеке жауапкершілігі екенін түсінуі тиіс. Экожобалар аясында оң нәтижелер бар, бірақ жұмыс істеу керек әлсіз тұстар да жетерлік", - деді өңір басшысы. Исатай Еспағанбетов өз сөзінде бизнестің және көппәтерлі үйлерді басқарушы компаниялардың экоакцияға деген немқұрайлығына назар аударды. Осыған байланысты кәсіпкерлік басқармасы мен «Атамекен» палатасына түсіндіру жұмыстарын жандандыру және бизнесті экожобаға тарту тапсырылды. Сондай-ақ, жиында рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын жою мәселелері қаралды. Облыс әкімі қоқыс ошақтарын жою қарқынын жеделдетуді тапсырды және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жиі пайда болатын жерлерде бейнебақылау орнату қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, көгалдандыру мәселелері де айтылды. Бес жылдық жоспар аясында 2025 жылы 168 000 көшет отырғызу жоспарлануда, оның 43 926 бүгінгі күнге дейін егілді. Қалған жасыл желектерді егу күз айында жалғастырылмақ. Көшеттер елдімекендер және қалалардың шеткі аумақтарына отырғызылады, осылайша «жасыл белдеу» қалыптастыру жоспары бар. Өңір басшысы жергілікті жерлердегі әкімдерге ағаштарға күтім жасау жұмыстарын күшейтуді және қалған жасыл желектің уақытылы отырғызылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ал, дендрологиялық карталарды әзірлеу және іске асыру жөніндегі іс-шараларды тиісті деңгейде орындамағаны үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне жетекшілік ететін Алға және Әйтеке би аудандары әкімдерінің орынбасарлары сөгіс алды. Сонымен қатар, Асхат Шахаров «Таза Қазақстан» телеграм-ботының мүмкіндіктерін дәріптеудің маңыздылығына назар аударып, мемлекеттік мекемелерге кіре берісте қол жетімді QR-кодтарды орналастыруды тапсырды. Ол сондай-ақ ең үздік аулалар, ұйымдар, басқарушы компаниялар арасында конкурстар өткізу идеясын қолдап, мұндай бастамалар тұрғындарды қоршаған ортаға қамқорлық жасауға ынталандыратынын атап өтті. «Экологиялық тәрбие жеке мысалдан басталады. Біздің үйдегі, ауладағы, аудандағы тазалық-бұл аймақтың болашағына қосқан ортақ үлесіміз. Мен әрбір тұрғынды, сондай-ақ кәсіпорындар мен бизнес – қоғамдастықты шетте қалмай «Таза Қазақстан» жобасына қатысуға шақырамын», - деді облыс әкімі өз сөзін қорытындылады.