18 наурыз – Ұлттық киім күні құтты болсын!

18 наурыз – Ұлттық киім күні құтты болсын!

Наурызнама онкүндігі аясында 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай Маржанбұлақ орта мектебінде тағылымы мол, көркемдігі келіскен мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл күн – халқымыздың бай мұрасын, ұлттық болмысын, ата-бабадан аманат болып жеткен асыл құндылықтарды ұлықтауға арналған ерекше мереке.

Мектеп ұжымы мен оқушылар бұл күнге ерекше дайындықпен келді. Білім ордасының дәліздері мен сыныптары ұлттық нақышта безендіріліп, мерекелік көңіл-күй бірден сезілді. Ұлттық киім киген ұстаздар мен оқушылар қазақ халқының сән-салтанатын, талғамы мен шеберлігін айшықтап, көздің жауын алды. Әсіресе, қыздардың камзолы мен сәукелесі, ұлдардың шапаны мен бөрігі ұлттық киімнің ерекшелігін айқын көрсетті.

Іс-шара барысында ұлттық киімдердің тарихы мен маңызы туралы танымдық ақпараттар беріліп, оқушылар өз өнерлерін ортаға салды. Әсем ән шырқалып, күмбірлеген күй орындалып, ұлттық билер биленді. Сонымен қатар, «Үздік ұлттық киім» байқауы ұйымдастырылып, қатысушылардың шығармашылығы мен киім үйлестірудегі талғамы жоғары бағаланды.

Бұл мереке – жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен патриоттық сезімді сіңіруде, салт-дәстүрге деген құрметін арттыруда ерекше рөл атқарды. Ұлттық киім – халқымыздың тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Маржанбұлақ орта мектебінде өткен Ұлттық киім күні – бірлік пен берекенің, рухани жаңғырудың жарқын көрінісі болды. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны сөзсіз.