Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Асланбек Шуиншалиев Қарағаш, Қарақобда және Қарақұдық ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Ашық диалог форматында өткен кездесулер барысында ауылдық елді мекендерді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Нұрбұлақ ауылының тұрғындары воркаут алаңы мен балалар ойын алаңын орнату, сондай-ақ Алға–Нұрбұлақ және Алға–Самбай бағытындағы автожолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, грейдермен тегістеу мәселелерін көтерді.

Қарақобда ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесуде балалар ойын алаңын және ветеринариялық пункт салу мәселелері қаралды. Ауыл тұрғындары әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту мен халыққа қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Қарақұдық ауылдық округі бойынша Тікқайың және Көктоғай ауылдарына кіреберіс жолдарды тегістеу жөнінде ұсыныстар айтылды. Көтерілген мәселелер бақылауға алынып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берілді.

Асланбек Шуиншалиев тұрғындар тарапынан көтерілген барлық өтініштер мен ұсыныстар белгіленген тәртіпке сәйкес қаралатынын атап өтті. Әрбір мәселе бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оларды шешудің алдағы тетіктері айқындалды.

Мұндай кездесулер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрақты түрде өткізіліп, жергілікті атқарушы органдар мен халық арасындағы кері байланысты нығайтуға бағытталған.