
Ақтөбе облысында жасөспірімдердің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларын жетілдіру мақсатында «Жас құтқарушы» облыстық слеті өтті.
Ауқымды шараға облыстың 14 командасы қатысып, өз шеберліктерін сынады. Жарыс барысында қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт эстафетасы және авариялық-құтқару жұмыстары бойынша өз шеберліктерін ортаға салды.
Сайыстың нәтижесі бойынша, Қарақұдық орта мектебінің оқушыларынан құралған Алға ауданының командасы «Табиғи орта жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары» сайысында ерекше төзімділік, ұйымшылдық және жоғары кәсіби шеберлік танытып, жүлделі I орынды иеленді. Жеңімпаз команда тиісті мадақтамамен марапатталды.
Бұл жетістік – жас ұрпақтың бойындағы батылдық пен отаншылдық рухтың, сондай-ақ ауылымыздың болашағы жастарға деген сенімнің жарқын көрінісі.