Алға ауданы әкімдігінің ғимаратында жыл қорытындысына арналған салтанатты шара өтті. Шара аясында көрермендерге мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылып, кеш «Томирис» шоу-бишілер тобының ұлттық нақыштағы биімен бастау алды. Сонымен қатар, Алға аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әндерімен мерекелік кештің ажарын аша түсіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Салтанатты шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілді. Ауданның өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшыларға, сондай-ақ білім беру, спорт, мәдениет, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және коммуналдық қызмет салаларында жоғары жетістіктерге қол жеткізген азаматтарға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі А.Бектеновтың, облыс әкімі А.Шахаровтың және аудан әкімі А.Шүйіншәлиевтің Алғыс хаттары табысталды.
Сонымен қатар, маңызды салаларда ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, ауданның дамуына айрықша үлес қосқан бірқатар еңбек ардагерлері мен сала мамандары «Ауданның дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Жыл қорытындысы бойынша балалары республикалық байқаулар мен олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған ата-аналарға да алғыс білдірілді.
Аталған салтанатты шара еңбек адамына деген құрметті арттыруға, олардың кәсіби еңбегін лайықты бағалауға бағытталған мазмұнды әрі тағылымды басқосу ретінде өтті.