
Қарақұдық ауылдық округіне қарасты Тікқайың ауылында Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншәлиев тұрғындармен кездесті. Кездесуге аудандық бөлім басшылары мен мекеме өкілдері қатысты.
Жиын барысында ауылдың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Тұрғындар ауыз су мен Тікқайың ауылына кіреберіс жолдың жағдайына қатысты сұрақтар қойды.
Асланбек Шүйіншәлиев өз сөзінде Тікқайың ауылындағы ауыз су мәселесі толығымен шешілгенін атап өтті. Сондай-ақ, үйлеріне су жүйесін әлі қоспаған тұрғындарға бұл бағытта жұмысты жүйелі түрде жүргізу қажеттігін түсіндірді.
Сонымен қатар, Тікқайың ауылына кіреберіс жолды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайындалып жатқанын, құжаттар толық әзір болған соң құрылыс жұмыстарына жоғары тұрған бюджеттен қаражат сұралатынын айтты. Ал Көктоғай ауылына кіреберіс жолға қиыршық тас төсеу жұмыстарының басталғанын жеткізді.
Көктоғай негізгі мектебіне күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі де сөз болып, бұл мәселенің 2028 жылға арналған жоспарға енгізілгені хабарланды. Бұдан бөлек, «Қарақұдық – Ақтөбе» бағытындағы әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалына субсидия бөлу мәселесінің қазіргі уақытта қаралып жатқанын айтты.
Кездесу барысында аудан әкімі көтерілген мәселелерге нақты түсіндірмелер беріп, жауапты бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.